Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда. Қызылорда, Маңғыстау облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің жеке құрамы және ТЖМ Қарағанды қаласы 52859 әскери бөлімінен құрылған жиынтық топтардың көмекке келген күштері мен құралдары Батыс Қазақстан облысынан Атырау облысына жетіп, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізуге кірісті. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ брифингінде хабарлады. 

Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 5 987 тұрғын үй мен 2 584 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су тартылды. Республика бойынша 31 416 адам өз үйлеріне оралды. 8 мыңнан астам адам эвакуациялау пунктерінде.12 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 

«5,6 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Жедел желі телефонына 2 222 қоңырау түсті. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 37 мыңнан астам адам, 5 мың техника, 943 су сору құралы, 327 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды», - деді спикер.