Зардап шеккен өңірлерде 4 536 тұрғын үй мен 2 767 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. Қостанай облысының тұрғын үйлерінен су бағыты толықтай бұрылды, Қостанай және Арқалық қалалары мен 7 ауданның 1 415 тұрғыны өз үйлеріне оралды. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында хабарлады. 

Жалпы республика бойынша 21 944 адам өз үйлеріне оралды. 8 778 адам, оның ішінде 3 810 бала эвакуациялау пунктерінде орналасты. 11,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,7 млн артық қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді. Су тасқыны қауіпті өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда. 

«Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 860 жеке тұрғын үй, 1 061 аула аумағы су астында қалуда. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 36 384 адам,  5 132 техника, 805 су сору құралы, 380 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді спикер.