Су тасқыны басталғалы бері Жамбыл облысының волонтерлері «Күшіміз бірлікте» акциясына белсенді қатысып жатыр. Облыстық еріктілер фронт-офисінің базасында зардап шеккен азаматтарға көмектесу мақсатында гуманитарлық көмек қабылдау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Жамбыл облысындағы еріктілер фронт-офисінің басшысы Теміржан Ізтілеуов ОКҚ брифингінде айтты. 

«Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау туралы ақпарат медиа-фолонтерлер көмегімен әлеуметтік желілер, түрлі мессенджерлерде белсенді түрде таратылып, тұрғындарды ақпараттандыру жүргізіліп жатыр. Яндекс карта қосымшасында Тараза қаласы 35 үй мекенжайында орналасқан облыстық волонтерлік фронт-офис белгіленіп, қабылдау уақыты да көрсетілді. Қазіргі таңда волонтерлердің  ТЖД-мен өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленіп қойған. Олармен тұрақты байланыс орнатылды», – деді спикер.

Еріктілер су басқан аймақтарға азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізуге, сондай-ақ гуманитарлық көмек жинау жұмыстарына қатысуда. Зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинау мен сұрыптаумен тұрақты түрде 200-ге жуық волонтер айналысады. Кәсіпкерлер мен тұрғындар киім-кешек, азық-түлік, гигиена заттары, үрлемелі қайық сынды заттарды жинаған. БҚО, Атырау, Қостанай облыстарына – 40 тонна, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, СҚО-на – 60 тонна жүк жөнелтілді. Гуманитарлық көмектің жалпы көлемі - 360 тонна.