Су тасқынынан зардап ешккен аймақтарда 21 494 адам өз үйлеріне оралды. 8 786 адам, оның ішінде 3 814 бала эвакуациялау пунктерінде орналасты.  Еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде су тасқыны жағдайы тұрақталуына байланысты су тасқыны қауіпті өңірлерге жұмылдырылған ТЖМ күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына оралуда. Бұл жайлы Р ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында хабарлады. 

Ресей Федерациясы жағынан Жайық және Есіл өзендерінің арналарында судың көтерілу болжамына байланысты Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ерекше бақылауда. 4 534 тұрғын үй мен 2 763 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 10,9 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,7 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді.

«Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 862 жеке тұрғын үй, 1 065 аула аумағы су астында қалуда. ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті жалғастыруда. Жедел желі телефонына 2 036 қоңырау түсті. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 31 942 адам,  4 593 техника, 797 су сору құралы, 325 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді спикер.

ТЖМ тұрғындарды су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.