«Жалпы, өңірімізде жолдың ұзындығы республикалық жолдармен есептегенде 9300 км құрайды. Өңір жолдың ұзындығы бойынша екінші орында. Ал жергілікті жолдардың ұзындығы 7640 км. Соңғы екі жылда мың шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі кезде Қостанай облысындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 78% құрайды. Бұл республика бойынша 17 өңірдің арасында 9-шы орын. Ал Қостанай қаласында автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 97%. Ең басты мәселе жолдардың сапасын арттыру. Соңғы екі жылда 500-ге жуық көше жөнделді. Облыс орталығында 280 көшеде бұрын топырақ болған жерге ең алғаш рет асфальт төселді, тротуарлар жасалып, жарықтандыру орнатылды. Биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде 54 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын орындауға бар күшімізді саламыз», деді А.Мұхамбетов. 


Өңір әкімінің мәліметінше, 2020-2021 жылдары көлік инфрақұрылымына 112,5 млрд теңге бағытталды. Бұл 1000 км астам автожолды және 451 елді мекен көшесін жөндеуге мүмкіндік берді. Қазіргі кезде «Қостанай қаласына кіреберіс» автожолында 4,3 млрд теңгелік көпір құрылысы аяқталды.  Бұл жобаны іске асыру көпірге кіреберістердің техникалық сипаттамаларын I техникалық санатқа дейін жеткізуге мүмкіндік берді.