Қазақстан әлі күнге дейін 1942 жылғы координаттар жүйесін (СК-42) пайдаланады, цифрландыру басталғалы ол моральдық тұрғыдан ескірді. Сонымен қатар, СК-42-де шектеу белгісі бар, яғни мемлекеттік емес құрылымдар, заңды және жеке тұлғалар, соның ішінде шетелдік инвесторлар үшін геодеректер қолжетімсіз. Сондай-ақ түрлі ведомстволарда, салалар мен өңірлерде СК-42, СК-63, WGS-84 координаттарының әртүрлі жүйелері, жергілікті координаттар жүйелері қолданылады. Нәтижесінде, бұл мемлекеттік дерекқорлардың, кадастрлардың және геопорталдардың графикалық негіздерінің бытыраңқылығына әкеледі. 


«ҰКДИ шеңберінде мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерді жаңғырту жүргізілетін болады; жерсеріктік технологияларды қолдана отырып, қазіргі заманғы координаттар жүйесі орнатылады; республика аумағында, оның ішінде қалалар мен аудан орталықтарында жаңа координаттар жүйесінде бірыңғай ашық цифрлық картографиялық негіз құрылады; сондай-ақ «мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету» және «базалық кеңістіктік деректер» ақпараттық жүйелері құрылатын болады. ҰКДИ іске асыру СК-42 орнына Қазақстанның заманауи мемлекеттік координаттар жүйесін (Qazaqstan Terrestrial Reference System, QTRS) орнатуға және республика аумағын 100% ашық кеңістіктік деректермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, кадастрларын, геопорталдарын интеграциялау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті комитет басшысы. 


Осылайша, ҰКДИ-де құрылатын бірыңғай цифрлық картографиялық негіз барлық мемлекеттік дерекқорлардың, кадастрлардың және геопорталдардың бірыңғай графикалық негізі болады.