ОКҚ алаңында өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңір бойынша қауіп әлі сейілмегенін атап өтті. Қауіпті аймақта Орал қаласы мен Жайық өзенінің бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек және Теректі аудандары қалып отыр. Бұл аудандарда 84 елді мекен бар және қаланы есептемегенде 80 мыңнан астам халық тұрады.

«Сәуір айында басталған Жайық бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстары жалғасуда. Ұзындығы 142 км бөгет салынды, 1,2 млн қапшық төселді, бұл жұмыстарға 1388 инженерлік техника жұмылдырылған, соның ішінде 913 техника өзге өңірлерден жолданған. Бұл жұмыстарға 7 мыңнан астам облыс халқы мен ЖАО-ның қызметшілерімен қатар 3,5 мыңға жуық әскери қызметші тартылған», - деді спикер.

Толық көлемде үлкен су өңір аумағына, соның ішінде Январцево гидрологиялық бекетіне  17 сәуірде келе бастады. Қазіргі уақытта Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзенінінің су деңгейі осыдан бірнеше сағат бұрын 865 см құраса, қазір 2 см төмендеген.