Жайсаңбай ауылына 125 адам, 6 бірлік техника жұмылдырылып, 290 дана қап төселіп, 110 тонна инертті материал әкелінді. Ауданға гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, барлық қажетті зат жеткізілді. Сондай-ақ Ырғыз ауданынан әзірге бір реттік әлеуметтік төлем алуға 10 адам ниет білдірген. Барлығына 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржы, яғни 3 млн 700 мың теңге жіберілді. 

««Осы су тасқынынан зардап шегіп, қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында беріліп жатқан 100 АЕК Ақтөбе мен Әйтеке би ауданында 300 мың теңге, қалған аудандарға 369 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда 1966 ақтөбелік азамат осы әлеуметтік төлемді алып үлгерді. Өтемақыны облыс бойынша азамат алды. Жалпы төлем сомасы 638 млн 862 мың теңгені құрайды», – деді спикер.

Өтемақы беру бойынша ең көп өтініш түскен аймақтар қатарында 1151 өтініш Ақтөбе қаласында, 350 өтініш Ойылда, 200 өтініш Қобдада тіркелді. Бір күнде мамандар 140 өтінішті қарап, қаржыны өтініш иелерінің шоттарына жіберіп жатыр. Қосымша 150 АЕК көлемінде қаржы бөлінеді. Ол автоматты түрде төлемдерді алып жүрген азаматтардың шоттарына жіберіледі. 

Су тасқыны салдарынан шамамен 2 451 үй зардап шекті. Облыс бойынша 595 үй салу жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тағы да өзгеруі мүмкін. Бір реттік әлеуметтік төлемнен бөлек, бүлінген мүлік, жасалатын жөндеу жұмыстарына да ақша берілуде. Бүгінгі күнге дейін табиғи апаттан зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеу бойынша құрылған арнайы комиссия 2953 өтініш қабылдады. Оның басым бөлігі қаралып болды. 11 сәуірден бастап комиссия шешімімен 222 ақтөбелік отбасына 455 млн 649 мың теңге сомасында материалдық шығын өтелді.

Шаруалар да көмектен тыс қалып жатқан жоқ. 427 мал басына, яғни ірі қара және ұсақ мал, жылқы мен түйеге 58 миллион теңгеден астам ақша төленді. Жалпы облыс бойынша 3 232 бас малдың өлгені расталды, барлығының көзі жойылды. Өңірде эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдай тұрақты, жұқпалы аурулардың өршуі тіркелген жоқ.

Облыстағы 7 елді мекенмен жол қатынасы уақытша үзіліп тұр. Дегенмен, жол саласының мамандары Жарық, Қоғалы, Сугалы, Көкүй жолы қалпына келтірді. Бүгінде «Ырғыз-Нұра» бағытындағы аудандық маңызы бар жол жөнделуде. Ал Ойыл ауылына кіреберіс жолдың істен шығуына байланысты, қазір айналма жол жасалуда.