Конституциялық соттың негізгі бір ерекшелігі – оған азаматтардың жүгіне алу құқығының болуы. Мұндай субъектілердің қатарына Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурор қосылды. 


«Халықаралық тәжірибеге қарасақ, әлемде конституциялық бақылау институты бар 118 елдің 70-де конституциялық сот жұмыс істейді. 12 мемлекетте Конституциялық кеңес құрылған, қалғандарында бұл функцияны жалпы юрисдикциялы соттар атқарады. Осы орайда Қазақстан ең кең тараған, озық, халықаралық тәжірибені енгізіп отыр. Қазіргі таңда Конституциялық сот туралы конституциялық заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмыс барысында халықаралық тәжірибе зерделенуде. Жалпы Конституциялық бақылау институтының 300 жылдан артық тарихы бар. Осы органның құрылуымен, азаматтарға осы органға жүгіну құқығының берілуімен мемлекетте азаматтар даулай алмайтын қандай да бір мемлекеттік актілердің немесе шешімдердің тізімі жоқ болады. Өйткені, былтыр Әкімшілік әділет институты енгізілді. Қазір кез келген министрліктің, үкіметтің басқа да органдардың шешімдерін, әрекеттерін, нормативтік құқықтық актілерді соттарда даулауға болады. Бір ғана ерекшелік - заңдардың өзін азаматтар даулай алмайтын. Енді азаматтарға осындай құқық беріліп отыр», - деді спикер.


Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде азаматтардың мұндай органдарға жүгінуінің бірнеше шарты бар:  заң сол азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты тікелей қолданылуы керек; азамат өзінің құқығын қорғаудың басқа институттарынан, атап айтқанда, сот сатыларынан өтуі керек және соңғы шешім қабылданғаннан кейін белгілі бір уақыт белгіленеді. Осы шарттарды сақтай отырып, азаматтар, өздерінің конституциялық құқықтарына нұқсан келеді деп тапса, онда конституциялық сотқа өз мәселесін шешу кезінде қолданылған заңның немесе өзге де нормативтік актінің конституциялық талаптарға сәйкестігін қарау туралы сұрау сала алады.