2022 жылғы 4-6 шілде аралығында Өзбекстан астанасында Түркі агро-форумы, Түркі мемлекеттері ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ауыл шаруашылығы министрлерінің кеңесі өтіп жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесті. Тараптар халықаралық күн тәртібінің маңызды аспектілері, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі және гуманитарлық дағдарыс мәселелері бойынша пікір алмасты. Cондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту ниеттерін пысықтады.

Е.Қарашөкеев қазақстандық тараптың Түркі мемлекеттері ұйымдары (ТМҰ) елдеріне отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті:

 "Бүгінгі таңда Қазақстанда ТМҰ елдеріне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық жеткізілімін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар.   Сондай-ақ біз терең қайта өңдеу тауарларын жеткізуді ұлғайтуға қызығушылық танытып отырмыз ",- деді министр.

Бұған дейін тізілімге 37 қазақстандық кәсіпорын енгізілген болатын. Өзбек тарапына Қазақстанның ветеринария жүйесіне толық шолу жасау қорытындысы бойынша ветеринарлық қызметтің кепілдігімен тағы 19 мал шаруашылығы өнімін өндіруші экспорттау  құқықығына ие болды.  Нәтижесінде қазіргі Өзбекстанның тізілімінде 56 қазақстандық кәсіпорын бар.

Осылайша, отандық кәсіпорындар жаңа өткізу нарықтарын игеруді жалғастырып жатыр. Сол арқылы қазақстандық экономика үшін мүмкіндіктер ұлғайтылып,  өңірде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп жатыр.