Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөніндегі шаралар қабылданады, Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 


«Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген», - деді министр. 


Оның айтуынша, бұл шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 98%-ына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 29%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15%-ға артады.