Onlinemektep Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдерімен бірлесе отырып әзірленген жоба. Оның шеңберінде қазақ және орыс тілдерінде 42 пән бойынша 5700 сабақ, 140 мыңға жуық интерактивті жаттығу ұсынылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық брифингте Bilimmedia group атқарушы директоры, Onlinemektep жобасының жетекшісі Санжар Кенжеханұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша 3500 мектеп оқыту барысында осы платформаны пайдаланады.

«Платформада күніне 2 млн жуық сабақ өтеді, 14 млн интерактивті жаттығу, 100 мыңға жуық үй жұмысы орындалады. Сонымен қатар, мұғалімдердің өздері құрастыратын сабақтар саны 200 мыңға жетеді. Onlinemektep платформасында күн сайын 30 миллионнан астам қаралым тіркеледі. Интернет статистикаға сүйенсек, бұл 5 млн пайдаланушы платформаны күнде пайдаланады деген сөз», - деді Санжар Кенжеханұлы.

Бүгінде платформадағы барлық техникалық ақаулар жойылды және келесі тоқсанға дайындық жұмыстары жүргізілуде.