Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту шаралары туралы министрлер мен өңірлердің әкімдері тыңдалды.

ТЖ аймақтарынан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды. Уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар. Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды. Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорларын дайындады. ТЖ аймақтарындағы халыққа көмек көрсету тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асырылуда. Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.

Су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, белсенді түрде су жіберу жүзеге асырылуда. Қарғалы су қоймасы жинақтау режимінде. Әкімдіктер су тасқынының қаупі жоғары өңірлерде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.

ТЖ салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.

«Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс», — деп атап өтті Штаб төрағасы Олжас Бектенов.