1994 жылы негізі қаланған чехиялық «Zimatechnik» компаниясы трамвай шығаруға негізделген, сонымен қатар АӨК жобаларымен айналысады. Сондай-ақ компания чех өндірушілерінің мүдделерін қамтиды. Олардың қатарында рельсті көліктерге арналған тежегіш дискілерін өндіретін «KOVIS d.d.o.», резеңке бұйымдарын шығарушы «MIKON spol. s.r.o.», серіппе мен рессор өндіруші «HŽP a.s.» және бәсеңдеткіштер өндіретін «ST-OS a.s.» компаниялары бар. KAZAKH INVEST кеңсесінде өткен кездесуде «Zimatechnik» компаниясының бас директоры Роберт Малек пен «Bkn» директоры Роман Шарипов жоспарларымен бөлісті.

Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали қазіргі таңда орын алып жатқан халықаралық үдерістерге байланысты машина жасау саласындағы өндіріс орны ретінде Қазақстанға қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан Республикасында жасалған жағдайлар, соның ішінде өндірістік қуаттардың, инфрақұрылымның және мемлекеттік қолдау шараларының болуы өндірісті локализациялаудың барлық халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.

Өткен аптада Батыс Қазақстанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловпен кездесу өтті. Облыста мал шаруашылығы саласында инновациялық ғылыми-өндірістік зертхана құру жобасын талқылау мақсатында инвесторлар Жәңгір-хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне, сондай-ақ «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС және облыстың шаруа қожалықтарына барып қайтты.

«Біздің Қазақстанға сапарымыздың мақсаты мал шаруашылығы және трамвай өндірісі саласындағы жобалар бойынша өңірдегі әріптестікті талқылау болды. Біз атқарылған жұмысқа ризамыз және одан әрі әріптестікті жалғастыруға үміттенеміз», - деп қорытындылады «Zimatechnik» компаниясының бас директоры Роберт Малек.