Оған әлемнің 50-ден астам елінен 900-ге жуық спортшы, халықаралық спорт ұйымдарының, цифрлық индустрияның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жанкүйерлер қатысады деп күтілуде. Салалық ведомствоның бағалауы бойынша турнир туристік ағынның ұлғаюына ықпал етпек, сондай-ақ Астананың қонақ үй, көлік және сервистік инфрақұрылымына қосымша сұраныс туғызбақ.
Турнирге қатысушылар классикалық спорт пен киберспортты біріктіретін 8 пән бойынша жеңіске жету үшін күреседі. Жарыс бағдарламасына фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-атқыштар, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-би, Battle Royale, сондай-ақ компьютерлер мен мобильді құрылғылардағы MOBA кірді.
Бүгінде отандық туроператорлар жарыстарға қатысуды және елорданың мәдени көрікті жерлерімен танысуды қамтитын арнайы туристік пакеттер дайындап қойды. Жарыстың өзі Астананың төрт спорт нысанында өтеді.