Жобада жаңа ұшу-қону жолағын салу, перрондар мен терминалдарды жөндеу, техникалық құралдарды жаңарту сынды тағы да басқа жұмыстар қарастырылған. Одан бөлек, логистикалық кешендер, қоймалар, қонақүйлер, кеңселер және әкімшілік ғимараттарды қоса алғанда инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда әуежай жылына 9 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Жобаны жүзеге асыру таяудағы бірнеше жылда бұл көрсеткішті орта есеппен 12 млн жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жиынға қатысушылар әуежайды одан әрі дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесін талқылады. Ірі халықаралық корпорациялар тарапынан қызығушылық бары атап өтілді.
Кеңес қорытындысында Премьер-министр Көлік министрлігі мен Астана қаласының әкімдігіне елорданың авиациялық әлеуетін дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыру мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.