Қазіргі таңда жол негізін ресайклирлеу жұмыстары 857 шақырым аумақта орындалды. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр — 193 шақырым. Одан кейін Қарағанды облысы – 131 шақырым, ал үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысы – 129 шақырым.

Сонымен қатар республикалық маңызға ие тасжолдарда жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары аясында 843 шақырымға төменгі жабын қабаты төселді. Атап айтқанда, Қостанай облысында – 143 шақырым, Қарағанды облысында – 116 шақырым, Шығыс Қазақстан облысында – 104 шақырым жолға асфальттың төменгі қабаты төселді.

Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы автожолдардың 560 шақырымында үстіңгі жабын қабаты төселді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы – 90 шақырыммен алда. Сондай-ақ Ақмола облысында – 68 шақырым, Қарағанды облысында – 47 шақырым жолға жаңа жабын төселген.

Аталған жоба «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қостанай – Мамлютка» сынды өңіраралық маңызды бағыттарды жаңғыртумен қатар, туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайын жақсартуға да бағытталған. Олардың қатарында «Астана – Қорғалжын», «Өскемен – Рахман қайнары» және өзге де туристік бағыттар бар.

Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға, ішкі туризмнің дамуына серпін беруге, сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.