Іссапар барысында Дархан Жазықбаев өңірлердің мемлекеттік қызметшілерімен, Агенттіктің аумақтық департаменттері және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтылды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке «кіру» және одан «шығу» талаптарының жеңілдетілуі, мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметті сервистік сипатта ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың басты мақсаты – халық үніне құлақ асатын, ашық, адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру екендігін атап өтті.

Сапар аясында Дархан Жазықбаев Жетісу өңірінің жас мемлекеттік қызметшілерімен арнайы жүздесіп, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің жұмысымен танысты. Жүздесу барысында Агенттік тарапынан жас мамандарды мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша бірқатар ұсыныстар дайындалып, соған сәйкес жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары деңгейді көрсеткен жас маман иелерін аудандық және ауылдық деңгейдегі төмен лауазымдарға конкурстан тыс негізде қабылдау көзделіп отырғанын жеткізді.

Мұнан әрі іссапар Жетісу облысының Көксу және Алматы облысының Іле аудандарында жалғасты. Онда Агенттік төрағасы жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызмет көрсету субьектілерімен кездесіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметтің сапасымен танысты.

Сапар қорытындысында Дархан Жазықбаев «Жетісу» телеарнасына Агенттіктің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайлы сұхбат берді.