30.11.2022 _ 09:10

Алғаш рет Іле-Балқаш резерваты Қызыл кітапқа енген құландармен толықты

Алтын-Емел ұлттық паркінен «Іле-Балқаш» резерватына шамамен 50 бас құлан жеткізілді. Олардың ортаға бейімделуі жұмсақ түрде өтуі үшін жануарлар аумағы 22 гектар болатын арнайы қоршауға орналастырылды. Ол жерде шамамен 5-7 ай уақытқа дейін болады, одан кейін тұяқтылар табиғи ортаға жіберілмек.

Сонымен қатар, аталмыш аумаққа тағы да бұқар бұғылары әкелінді. Резерват аумағына бұғыларды жерсіндіру 2018 жылы басталған болатын – сол жылы алғаш рет 5 тұяқты қоршау ішіне жіберілген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ 2019 жылы – 17 бас, 2020ж. – 30, 2021ж. – 53 және биылғы жылы 54 бас бұғымен толықты, оның 15-і қазіргі таңда қоршауға жіберілген.

Қызыл кітапқа енген жануарлардың қозғалу аумағын бақылау мақсатында, әр қоршау ішіне 2 фототұзақтан орнатылған.

Тұяқтылардың Балқаш ауданына оралуы, жолбарысты Қазақстанға жерсіндіру бағдарламасы аясында іске асырылып отыр. Оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен бірлесіп, БҰҰДБ қолдауымен іске асырады.