12.01.2021 _ 11:50

Жоғары оқу орындарында дәстүрлі оқыту форматына біртіндеп көшу жүзеге асырылады

Жоғары оқу орындарында дәстүрлі оқыту форматына біртіндеп көшу жүзеге асырылады

Елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Білім алушылар контингенті 600 мыңнан астам адамды құрайды. 18 қаңтар мен 15 ақпан аралығында ЖОО-да көктемгі семестр басталады. Дәстүрлі оқытуға біртіндеп көшу мәселесі пысықталуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді.

«ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 1 курс студенттері, яғни 150 мың адам үшін оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады. Яғни, дәрістер - онлайн, семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар - күндізгі форматта өтеді. 2-ші және 3-курстарда оқыту күзгі семестрдегідей дайындық бағыттарына байланысты бұрынғы режимде қалады. ЖОО-лар студенттерді осы форматта қабылдауға дайын. Қазіргі уақытта тиісті санитарлық-эпидемиологиялық режим орнатылды. Аудиторияларда студенттердің саны 40%-дан аспайтын болады, бұл ретте әртүрлі топтардағы студенттер бір-бірімен үзілісте кездесе алмауы үшін ауысулардың жылжымалы кестесі жасалады, аудиторияларда партада отырғандар арасында кемінде екі метр әлеуметтік қашықтық, сондай-ақ зертханаларда бір студентке бес шаршы метрден қарастырылған», - деп атап өтті спикер.

Басқа қалалардан келген студенттерге жатақханалардан орын беріледі, бірақ толымдылығы 50% болады.