«Көршілес мемлекеттерде және басқа да елдерде жыл сайын тек осы күні ғана есірткіге қарсы іс-шаралар өткізіледі. Ал Қазақстанда соңғы алты жылдан бері 25 мамырдан бастап есірткіге қарсы айлық өткізу тәжірибесі енгізілген», – деді спикер.
Соңғы бір айдың ішінде елімізде ауқымды профилактикалық, ақпараттық-түсіндіру, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Оларға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, еріктілер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер, белсенді жастар және бейжай қарамайтын азаматтар қатысты.
Атап айтқанда, Қонаев қаласында есірткіге қарсы штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Сондай-ақ алғаш рет есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі республикалық және өңірлік кеңестер өкілдерінің форумы ұйымдастырылды. Ал Теміртау қаласында ІІМ-нің «Заң және тәртіп» атты ауқымды есірткіге қарсы акциясы өтті.
26 маусымда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында республика бойынша гала-концерттер мен есірткіге қарсы бағыттағы өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды. Қалаларда есірткі жарнамаларын жою бойынша флешмобтар өткізілді.
«Жалпы айлық барысында республика бойынша 1700-ге жуық іс-шара өткізіліп, 330 мыңнан астам адам қамтылды. Бір ай ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 2,5 мыңға жуық материал жарияланды», – деп нақтылады Қуандық Әлжанов.
Полиция полковнигі алдағы үш жылға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылып жатқанын да еске салды.