25.02.2026 _ 11:40

Қазақстанда МЖӘ портфелі ірі инфрақұрылымдық жобаларға ауысуда

Мемлекет басшысы жеке инвестицияларды тарту, инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ (ҚР ҰЭМ) МЖӘ саласында талдамалық жұмыс жүргізіп, ұсынымдар әзірлеуде. Орталықтың негізгі міндеттеріне жобаларға сараптама жасау, жоспарланған бастамалардың тізілімін жүргізу, мамандарды оқыту және мемлекеттік-жекешелік жобалардың іске асырылу тиімділігін бағалау кіреді. Орталықтың басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында елімізде МЖӘ тетіктерінің дамуы туралы баяндады.

Оның айтуынша, Қазақстанда өткен жылдары жалпы сомасы 3,6 трлн теңгені құрайтын 1 257 МЖӘ және концессия келісімшарты жасалған. Оның ішінде 697 келісімшарт қолданыста, 411 жоба аяқталған, тағы 149 келісімшарт бұзылған.

Тек 17 жоба республикалық деңгейге жатады, олардың жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайды. Қалған 1 240 бастама жергілікті маңызға ие, олардың жиынтық құны 1,7 трлн теңгеден асады. Жасалған келісімшарттардың 88%-дан астамы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі. Қаржыландырудың 27%-ы көлік және инфрақұрылымдық құрылыс жобаларына тиесілі.

Жылдар бойынша динамика МЖӘ келісімшарттарының көбі 2018 және 2019 жылдары жасалғанын көрсетеді. Сонымен қатар шамамен үштен бірі немесе 360-тан астам келісімшарт мектеп асханаларын жаңғыртуға бағытталған шағын МЖӘ жобалары екенін ескеру қажет.

«2022 жылдан бастап жасалған келісімшарттар саны азайып келеді, алайда бір жобаның орташа құны тұрақты түрде өсуде. Егер 2022 жылға дейін жобаның орташа құны 6 млрд теңгені құраса, 2022–2025 жылдары бұл көрсеткіш үш есеге артып, 18 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда портфельдің едәуір бөлігін асханалар мен балабақшалар емес, кешенді инфрақұрылымдық жобалар – индустриялық парктер, көпбейінді ауруханалар және ядролық медицина орталығы секілді жоғары технологиялық медициналық мекемелер, көше жарықтандыру жүйелері және басқа да нысандар құрайды. Жасанды интеллект негізіндегі жобалар да жоқ емес», – деді Аслан Қалиғазин.

2025 жылғы жаңа жобалардың ішінде Астана қаласында іске асырылатын екі ірі бастаманы атап өтуге болады. Біріншісі – «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы аумағында құны 126,5 млрд теңге болатын №2 Индустриялық паркті салу. Қолданыстағы индустриялық парк өндірістік нысандарға толғандықтан жаңа алаң құру туралы шешім қабылданды. МЖӘ орталығы төрағасының айтуынша, жеке серіктес парк инфрақұрылымын «кілтке дейін» салып, барлық коммуникацияны жүргізеді.

Екінші ауқымды жоба – құны 90 млрд теңгеден асатын «Астана қаласы үшін жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқару шешімін енгізу» жобасы. Жаңа жүйе «Сергек» кешенінің орнын басады. Заманауи үлкен деректерді талдау құралдарын енгізу мониторинг тиімділігін арттырып, жедел әрекет ету уақытын қысқартуға және ықтимал оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.