Оның айтуынша, ұсынылып отырған Кешенді жоспар мемлекеттік есірткіге қарсы саясаттың негізгі бағыттарын қамтиды. Құжат 7 бөлімнен, 106 тармақтан және 30 тармақшадан тұрады. Атап айтқанда, онда есірткі ахуалын және оның динамикасының ерекшеліктерін мониторингтеу; есірткіге тәуелді адамдардың профилактикасы, оларды емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру; заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру; есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңды айналымын қамтамасыз ету; қазіргі есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру; халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту көзделген.
«Жоспарда талдамалық және жедел жұмыста жасанды интеллектіні енгізу; газ талдағыштары мен спектралдық камералары бар ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу; ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын жеке химиялық қорғаныс құралдарымен жабдықтау; ұшқышсыз аппараттарды бейтараптандыру құрылғыларымен қамтамасыз ету; айғақ заттарды сақтау камераларын цифрландыру; цифрлық іздер базасын қалыптастыру қарастырылған. Жоспардың жекелеген іс-шаралар блогы заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге арналған. Бұл бөлімде есірткі скринингін жүргізудің негіздері мен тәртібіне, қатар жүретін қаржылық тергеулерге, криптовалюталарды реттеуге, спайкингке қарсы іс-қимылға, сондай-ақ есірткі қылмыстарын анықтауда құқық қорғау органдарына жәрдем көрсеткен азаматтарды ынталандыру тетіктерін әзірлеуге қатысты түзетулер көзделген», – деді спикер.
Комитет төрағасы іс-шараларды қаржыландыру үш жылдық кезеңге республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қарастырылғанын атап өтті.
Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру барлық мемлекеттік құрылымның қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жоспар қорытындысы бойынша мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу көзделген:
• синтетикалық есірткінің заңсыз айналымнан тәркілену көлемін арттыру арқылы оның қолжетімділігін төмендету;
• есірткілер мен прекурсорларды, оның ішінде халықаралық бағыттар бойынша тасымалдау арналарын анықтау;
• есірткі контрабандасының жолын кесу;
• есірткі қылмысы саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою;
• құқыққа қайшы контенттің жалпы санынан есірткі сайттары мен жарнаманы анықтау;
• медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламаларымен барынша қамту;
• есірткі құқық бұзушылықтары үшін ұсталған кәмелетке толмағандар санын азайту;
• есірткі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша әкімдіктердің рейтингтік бағалау нәтижелері.