11.12.2025 _ 11:50

Биыл Шымкентте ШОБ-тан бюджетке 31 млрд теңге салық түсті

Шымкент қаласында бизнесті қолдау шараларының нәтижесінде соңғы 3 жылда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мың адамнан асты. Қала экономикасында орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қарастырылып, 1971 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын 3 шағын өндірістік алаң құру жұмыстары аяқталуда. Мұнда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Былтырдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді. Қазір осы салық түрінен бюджетке түсетін кіріс 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін артып отыр. Келесі жылы жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға дейін артады деп күтіледі», – деді әкім. 

Қаладағы 19 базардың 15-і модернизациядан өткен. Биыл қалған 4 базарда модернизация аяқталып, барлық базар толық стандартқа сәйкестендіріледі. 

Осы жылы 34 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Барлығы 46 мың адамды қамту көзделген. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2023 жылы 112 725 отбасын құраса, қазір 1800 отбасыға дейін төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Экономиканың өсіміне сәйкес жергілікті бюджет есебінен еңбекақысы азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға 11 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде орташа жалақы көлемі 10%-ға өсіп, 334 мың теңгені құрады.