Оның хабарлауынша, қазір өңірде құны 104 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда, нәтижесінде 1320 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінде «ATYRAU CHICKEN» құс фабрикасы мен «BKM Атырау» вагондар дөңгелегін жөндеуге арналған шеберхана бар.
Сондай-ақ өңір басшысы агроөнеркәсіп және ШОБ салаларындағы ахуалға тоқталып кетті.
«2025 жылғы қаңтар–қазан айларында агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдің мал шаруашылығында да өсім бар. Негізінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Келесі жылы жалпы құны 48 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл – облыстың жалпы өңірлік өнімінің 21,2%-ы», – деді спикер.
Биыл кәсіпкерлікті дамытуға 9 млрд теңгеге жуық бөлінді. Қазіргі уақытта жалпы құны 36 млрд теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді, 1725 жаңа жұмыс орны ашылды. Қолдау құралдары қатарында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілсіз несиеге ішінара кепілдендіру, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар, «Өрлеу» бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау бар. Инвестициялық жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша кешенді шаралар экономиканың түрлі саласында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Оның 13 мыңнан астамы –тұрақты жұмыс орны.
Мансап орталықтарының көмегіне жүгінген 35 мың адамның 15 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар 14 мың адамға кәсіби бағдар беру аясында ваучерлер берілді. Өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарды қолдау мақсатында 300 азаматқа қайтарымсыз грант берілді.