04.12.2023 _ 11:20

Биыл Солтүстік Қазақстанда құны 775 млрд теңгеге тең өнім шығарылды

Ауа райының қолайсыздығы өңір диқандарының жұмысына айтарлықтай кедергі келтірді. Алайда шаруалар әр гектардан 11,1 центнер өнім алды. Жиналған астық көлемі 3,7 млн тоннадан асты. Майлы дақылдар 685 мың гектарда жиналды. Өнімділікті арттыру мақсатында барлық қажетті аграрлық іс-шаралар кешені жүргізілді. Ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығы да ерекше назарда.
Биыл Солтүстік Қазақстанда құны 775 млрд теңгеге тең өнім шығарылды

«Он айда ет өндірісі 2%-ға, сүт өндірісі 3,4%-ға  өсті, 589 млн жұмыртқа өндірілді. Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық көлемнің 10%-ын құрайды», – деді өңір басшысы Ғ.Нұрмұхамбетов. 

Жергілікті билік халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгіледі. Ол үшін еңбек өнімділігін ұлғайтып, ауыл шаруашылығын жаңғырту қолға алынды. Салаға тартылған 152,8 млрд теңгені құраған инвестициялар да оған өз септігін тигізді. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы бұл көрсеткіш бойынша бүкіл республикада көш бастап тұр. 

Мемлекет басшысының ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайларды салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асып жатыр. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару бар.  

«Өңір халқының құс етіне, маусымаралық кезеңде көкөністерге қажеттілігі 100%-ға қамтамасыз етіледі, қосымша сүт өндірісі ұлғаяды. «EMC-Агро» шошқа өсіру кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Мұнда ет өндіру көлемі 10,5 мыңнан 20 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Инвестиция сомасы – 20 млрд теңге, 180 жұмыс орны ашылады», – деді әкім.

Сүт өндіру саласы бойынша да Солтүстік Қазақстан өңірі алдыңғы қатарда. Биыл мұнда 179 мың тоннадан астам өнім шығарылды. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие беріліп, үлкен жобалар жүзеге асып жатыр. Қазір 12 мың басқа арналған 13 сүт фермасы салынуда. Оның алтауы жыл соңына дейін ашылады.