29.09.2023 _ 11:10

Заң жобаларының сапасын жақсарту бойынша нақты шешімдер қабылданды – ҚР ӘМ

Әділет министрлігі ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша ел азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және осы салаларға инновацияларды енгізу мәселелеріне баса назар аударуда. Әділет саласын жаңғырту есебінен қазақстандықтардың өмірі қалай өзгеріп жатқаны туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында әділет министрі Азамат Есқараев айтып берді.
Заң жобаларының сапасын жақсарту бойынша нақты шешімдер қабылданды – ҚР ӘМ

«Өздеріңіз білетіндей, әділет органдары мемлекет қызметінің құқықтық қамтамасыз етуін жүзеге асырады. Заң жобалау жұмыстарының жоспарында 2023 жылы 28 заң жобасын әзірлеу көзделген. Оның ішінде 17-сі Парламенттің қарауында. Осы айда 2 заң жобасы Парламентке енгізілуге жатады», – деді спикер.

Заң жобалау жұмысы – өте маңызды мәселе. Заң жобаларының сапасын жақсарту, сараптамасын арттыру бойынша жұмыстар қолға алынып, нақты шешімдер қабылданған. 

«Президент тапсырмасы бойынша Қылмыстық істер кодексі, Қылмыстық-процесуалдық кодекс және Әкімшілік әділет жұмысын жақсарту бойынша Парламентке 3 заң жобасын енгізді. Депутаттық корпустың атынан біраз заң жобалары енгізілген, солармен жұмыс істеліп жатыр», – деді әділет министрі.

Мемлекет басшысының норма шығару процесінің сапасын арттыру бойынша тапсырмасын орындау бойынша ведомствоаралық комиссияның жұмысын жаңа деңгейге көтеруде. 

«Ведомствоаралық комиссияда, заң жобалау комиссиясында қазір, мысалы, БАҚ құралдары келіп заң шығаруға бастамашылық ететін мемлекеттік органның өкіліне сұрақ қоя алады, өзін қызықтырып жүрген мәселелердің басын ашып алады. біздің спикерлер осы заң жобасының нақты мақсатын және қандай тетіктермен шешетінін баяндауға міндетті», - деп түйіндеді А. Есқараев.