20.03.2023 _ 10:10

ҰҚШҰ ПА байқаушылары: қазақстандықтар партияларды да, бір мандатты үміткерлерді де қолдады

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының (ҰҚШҰ ПА) халықаралық байқаушылары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау заңға және халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін, бюллетеньдер беру, көрнекі үгіт-насихат құралдарын орналастыру, дауыс беру процесін ұйымдастыру, дауыстарды санау тәртібі бойынша бұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті. Бүгін халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Өкілдер палатасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары, ҰҚШҰ ПА әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Александр Маркевич осындай қорытындыларын жария етті.

«Қазақстан Республикасында жүйелі және мақсатты саяси реформа жүргізіліп жатыр. Кезектен тыс сайлау барысында адамдар саяси партияларды да, бір мандаттық үміткерлерді де қолдағанын көрдік. Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн. Әрине, қауіпсіздік шаралары қабылданды, бірақ біз сайлаушылардың, сондай-ақ сайлау процесін ұйымдастырған адамдардың құқықтық санасы жоғары деңгейде қалыптасқанын байқадық», - деді спикер.