03.02.2023 _ 14:50

Алдағы уақытта туристерді жауапкершілікке тарту рәсімін заңнамалық деңгейде реттеу жоспарланып отыр

ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде туристердің жүру маршруттары туралы мәліметтердің болмауына байланысты құтқарушылар оларды іздеуге көп ресурс пен уақыт жұмсайды. Таулы жерлерде, төмен температурада, жауын-шашында және басқа да күрделі климаттық жағдайларда ден қою уақыты адамдардың өмірі мен денсаулығына әсер ететін негізгі фактор болып табылады. ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтің айтуынша, осыған байланысты, «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңға ТЖМ аумақтық бөлімшелерін туристердің жүру маршруттары туралы хабардар ету және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға ТЖМ аумақтық бөлімшелерін олардың жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар ету тәртібін айқындау құқығын беру бөлігінде ұсыныс жасауға бастамашылық жасалды.

«Осы нормаларды «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» әзірленіп жатқан заң шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Алдағы уақытта біз жоғарыда аталған нормаларды елемегені үшін туристерді жауапкершілікке тарту рәсімін заңнамалық деңгейде реттеуді жоспарлап отырмыз», - деді ТЖ бірінші вице-министрі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.