29.11.2022 _ 14:30

Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай азаматтарды алаяқтардың құрығына түспеу үшін сақтық шараларын сақтауға шақырды. Атап айтқанда, ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына құлақ түрмеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді.

«Өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың нөмірлерін немесе СМС-хаттардың кодтарын, құпия сөздерді хабарламаңыз. Сондай-ақ белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа желі көздері арқылы жеке деректерді енгізбеу керек. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін ғана төлем туралы келісуге тырысыңыз; Сонымен қатар күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, айқын табыс көзінсіз қаржы схемаларынан сақ болуға тиіссіз; бағдарламалық немесе мобильдік қосымшаларды орнату үшін тек ресми App store, Play market көздерін пайдаланыңыз. Құрылғыға қашықтан кіруге мүмкіндік беретін бағдарламаларды жүктемеңіз. Белгісіз адамдардан келіп түскен сілтеме бойынша өтпеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып табылатын сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банк ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Өз шоттарыңыздағы ақша қозғалысын жиі тексеріп тұру қажет», - деп ескертті орталық бастығы.