28.11.2022 _ 11:30

«Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі – біздің руханиятымыздағы үлкен оқиға болмақ

Қазақ күйлерінің орындаушылық дәстүрін сөз еткенде, оның үлкен мектебіне жататын шертпе күйлерін айтамыз. Республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі – біздің руханиятымыздағы үлкен оқиға болмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры, күйші Жанғали Жүзбаев мәлім етті.


Оның айтуынша, күй сайысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар бас қосады. 


«Конкурс бағдарламасында еліміздің өңірлерінде дамыған күйшілік мектептердің, сондай-ақ қазақтың классикалық күй мектебін жасаған ірі тұлғалар - Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Әлшекей, Бейсембі сияқты ірі күйшілердің күйлері, халық күйлері, көне күйлер орындалады. Жаңа заман композиторларының шертпе күй саласындағы еңбектері де қамтылады. Қазіргі замандағы ірі күйшілер Т. Момбеков, К.Күмісбеков, атақты Н. Тілендиевтен қалған әдемі шертіс, осы замандағы С.Тұрысбеков, Б. Ысқақов, М.Әбуғазы сияқты майталман күйшілерге дейін жалғасқан тамаша мәнер бар, дәстүр бар. Осының бәрі күй бағдарламасына арнайы енгізілді. Бұл күй өнер тойы болмақ», - деді спикер. 


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің базасында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бұған дейін ол республика көлемінде Талдықорған қаласында өткен болатын. Байқау 2 турдан тұрады және фестивальдің жабылуы өтеді. Қазылар алқасының құрамына Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбеков, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбуғазы, Батыржан Мықтыбаев енді.