16.08.2022 _ 15:55

Ұрланған қарудың үштен бірі ғана табылды - БП

Құқық қорғау органдары ғимараттарына шабуылдау нәтижесінде 1 259 табельдік қару ұрланды, соның ішінде автоматтар, тапаншалар мен гранатометтар болды. Орталық  коммуникациялар  қызметі алаңында Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов осындай мәліметтерді жария етті.

Атап айтқанда, Алматы облысында Полиция Департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрондар ұрланды.

«Жамбыл облысында 200 автомат, 148 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон. Резиденцияда қиратулардан кейін 130 дана қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталды, оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мылтығы. Барлық бұл фактілер бойынша тергеп-тексерулер жүруде. Ұдайы қару-жарақ қоймалары табылып, оларға қатысы бар адамдар анықталуда. Қазіргі уақытта 481 бірлік қару табылды. Бұл барлық ұрланған қарудың үштен бірі. Қалғандары қылмыскерлердің қолында», - деді спикер.