16.08.2022 _ 14:30

Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру. Сиыр мен жылқының «паспорты» мобильді қосымшада қол жетімді болады

Ветеринария саласындағы цифрландыру шеңберінде «ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» мобильді қосымшасын әзірлеу жоспарланып  отыр. Жүйеде жануардың биркасын сканерлеуге және барлық қажетті деректерді ақпараттық жүйеге енгізуге болады. Бұл ретте мобильді қосымшаның офлайн режимде жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлім етті.

«Сондай-ақ ветеринариялық ілеспе құжаттарды (ветеринариялық анықтама, ветеринариялық сертификат, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің экспортына, импортына және транзитіне рұқсат) беру бөлігінде ветеринариялық ақпараттық жүйенің (ББАЖ) функционалын кеңейту және техникалық проблемаларды жою; ветеринариялық препараттарды қолдануды реттеу мен бақылаудың жаңа ақпараттық жүйесін әзірлеу (ведомстволық); ветеринариялық іс-шаралар бойынша ветеринариялық есептілікті автоматтандыру; ветеринария саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру. Ветеринария процестерін цифрландыруды және автоматтандыруды жүргізу статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етеді, ветеринариялық дәрігерлерді қағазбастылық жұмыстан босатады, экспортқа/импортқа рұқсат беру құжаттарын алуды жеңілдетеді, бақылаудағы объектілердің орнын ауыстыру мен айналымын бақылауды күшейтеді, сондай-ақ АӨК субъектілері үшін субсидиялар мен жеңілдікті кредиттер алу кезінде сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық тәуекелдерді төмендетеді», - деді спикер.