16.08.2022 _ 14:10

Өңірден орталыққа. Әкімдіктердің ветеринарлық қызметтерінің 6 функциясы ветеринарлық бақылау комитетіне беріледі

Ветеринариялық қызметке жүргізілген талдау шеңберінде қадағалау және іске асыру функцияларының жеткіліксіздігі айқындалды. Мысалы, аурудың өршуі анықталған жағдайда карантинді және шектеу іс-шараларын уақытылы қолданбау; мал иелеріне әкімшілік әсер ету бойынша ауылдық округтердің ветеринарлық мамандарында өкілеттіктердің болмауы, яғни әкімшілік айыппұл сала алммайды; сондай-ақ әкімдіктердің ветеринариялық мамандарының оларға тән емес функцияларды жүзеге асыруы (қаңғыбас иттерді аулау және ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру). Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлім етті.

Аталған проблемаларды жою үшін 6 функцияны қайта бөлу және әкімдіктерден Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне беру ұсынылады.

«Яғни, өңірден орталыққа эпизоотиялық ошақтарды зерттеп-қарауды жүргізу; эпизоотологиялық зерттеу актісін беру; аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығару; карантинді және шектеу іс-шараларын белгілеу және/немесе алып тастау туралы шешім қабылдау сияқты функциялар беріледі. Жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдауды ветеринарлық  бақылау комитетіне беру жоспарлануда», - деді спикер.


Бұл ретте әкімдіктердің ветеринариялық мамандарының өзіне тән емес функцияларын алып тастау пысықталатын болады: ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсету; қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жансыздандыру. Барлығы аутсорсингке беріледі.