16.08.2022 _ 11:20

Тарифтер энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын өтемейді - ҚР ЭМ

Энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі ЭӨҰ шығындарын толық көлемде жаппайды. Бұл факт электр қуаттарының авариялық істен шығуының, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуінің және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерге тәуелділік тәуекелдерінің ұлғаюының жиілеп кеткен жағдайларымен расталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді.

Мысалы, 2021 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзушылықтар саны 20%-ға артты, жылыту кезеңінде 47,1%-ға ұлғайды.

«Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық штаттық режимде жүргізілуде. Жүйелік оператор бекіткен Электр станцияларындағы жөндеу кестесіне сәйкес 2022 жылы 9 энергоблокты, 60 қазандық және 42 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 2 энергоблокта, 14 қазандық пен 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, әр түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 38 қазандықта және 18 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деді спикер.