16.09.2026 _ 12:50

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметі құқықтық базаны жақсартуға септігін тигізіп отыр

Заңнама және құқықтық ақпарат институты іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіп, реттеуші саясаттың консультативтік құжаттары, заңдар және басқа да актілер жобаларын әзірлейді. Сонымен қатар мұнда түрлі ғылыми іс-шаралар, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы Комитеті ұсынған ғылыми журналдардың тізіміне кіретін ғылыми журнал шығарылады. Институт қызметкерлері тұрақты негізде мақалалар жазады, монографиялар, нұсқаулықтар, түсініктемелер де шығарады. ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова ОКҚ баспасөз конференциясында осылай деді.

Соңғы басылымдар тізімінде ҚР Қылмыстық кодексіне, Құрылтайдың өкілеттіктеріне, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарға қатысты жазбалар бар.

«Біз қолданыстағы заңнаманың тиімділігін талдау арқылы қолданыстағы заңдарға және басқа да актілерге құқықтық мониторинг жүргіземіз. Өткен жылы 50 заңды талдадық. Биыл тағы 30 заңға мониторинг жүргізілді. Қорытындысы бойынша құқықтық базаны жақсарту туралы ұсыныстармен анықтама дайындаймыз. Сондай-ақ Институт Конституция мен заңдардың мазмұнын құқықтық түсіндіруді жүзеге асырады. Біз конституциялық реформаны жүргізуге белсенді көмектестік. Биылдың өзінде Институт қызметкерлері теледидар мен баспасөзде 150-ден астам іс-шара өткізіп, халыққа жаңа Конституцияның мәні мен олардың құқықтарын қарапайым және қолжетімді түрде түсіндірді. Қазір Қылмыстық және Қылмыстық іс-жүргізу кодекстерінің жаңа редакциялары әзірленуде», – деді спикер.

Бұл жұмысты Институт негізінде Әділет министрінің бұйрығымен құрылған тиісті жобалық кеңсе атқарады. Оның міндеті - қылмыстық және қылмыстық іс-жүргізу заңнамаға кешенді талдау жүргізу және оны халықаралық стандарттар мен озық шетелдік тәжірибе негізінде қолдану.

Институт мемлекеттік органдардың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың және өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстарын зерделп, тұрақты негізде жұмыс отырыстары, сараптамалық талқылаулар мен пікірталастар өткізеді.