11.09.2026 _ 16:14

Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, ЖИ ассистенттер 2 млн-нан астам сұранысты өңдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және технологиялық өсімге жағдай жасау стратегиялық басымдықтар қатарында айқындалған, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Президент үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Үкімет осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтер мен телекоммуникацияларды жаңғыртудан бастап, экономика, білім беру және мемлекеттік басқару салаларына ЖИ-ді кеңінен енгізуге дейінгі жаңа цифрлық ортаны дәйекті түрде қалыптастырып келеді.

Президент жарияланған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл жұмысқа тың серпін берілді. Негізгі басымдық жекелеген цифрлық жобалардан еңбек өнімділігінің артуын, отандық IT-индустрияның дамуын және мемлекеттік қызметтер сапасының жақсаруын қамтамасыз ететін  біртұтас технологиялық экожүйеге көшуге бағытталған.

eGov GPT 51 мемлекеттік қызметті қамтып, азаматтардан түскен өтініштердің шамамен 30%-ын өңдейді 

Қазақстан электрондық үкіметтің әлемдік рейтингінде 24-орында, мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы цифрлық форматта қолжетімді. Келесі кезең – мемлекеттік цифрлық өнімдерді бірыңғай технологиялық негіз – QazTech платформасына көшіру. 2026 жылы 39 жүйені соған ауыстыру жоспарланған, 10-ы бүгінде жаңа платформада жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының Жарлығымен QazTech-тен тыс жүйелерді құруға мораторий енгізілді.

Осы негізде eGov 3.0 дамып келеді. eGov GPT арқылы қазірдің өзінде азаматтар арасында ең көп сұранысқа ие 51 қызмет қолжетімді, оларға азаматтардың өтініштерінің шамамен 30%-ы тиесілі. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар пилоттық режимде есептеу қуаттарын, деректерді, әзірлеу құралдарын және дайын модельдерді біріктіретін Ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмыс істеп тұр. Жасанды интеллект ассистенттері қазірдің өзінде 2 млн-ан астам рет қолданылды, ал әзірленіп жатқан ЖИ-агенттердің саны 50-ден асады.

ЖИ-ге арналған жеке есептеу инфрақұрылымына 2025 жылғы мәлімет бойынша TOP-500 рейтингісінде 86-орын алған Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері және 103-орындағы «Қазақтелекомның» коммерциялық суперкомпьютері кіреді.

Ең ірі жаңа жобалардың бірі – қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы». Қазірдің өзінде 500 МВт-тан астам әлеуетті сұраныс қалыптасты, Firebird компаниясымен $10 млрд көлемінде келісімге қол жеткізілді.

Бұл алаң үшін Екібастұз энергия торабына тікелей қосылу, деректерді таратудың резервтік халықаралық арналары және Транскаспий ТОБЖ желісі құрылып жатыр. Қатысушылар үшін арнайы реттеу шаралары мен салықтық преференциялар да қарастырылған.

Astana Hub 2,5 мыңнан астам компанияны біріктіреді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында қатысушылардың табысы $907 млн-ға жетсе, Қазақстан бойынша IT-қызметтер экспорты $241,2 млн болды. Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарықтарға шықты, ал 2025 жылы алғашқы өңірлік технологиялық юникорн компания – Higgsfield.ai пайда болды. Кадр даярлау үшін TUMO және Tomorrow School жобалары, соның ішінде өңірлерде де кеңейтіліп жатыр.

Ақтаудан Қорғасқа дейін ұзындығы шамамен 4,5 мың шақырым магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы жалғасуда. Бүгінде 2,5 мың шақырымнан астам желі тартылды. Гипермагистральды құрылысты аяқтап, оны пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Күтілетін өткізу қабілеті – 12 Тбит/с-тан астам. Бұл инфрақұрылым бұлтты платформаларды, жасанды интеллект шешімдерін, ақылды қала жүйелерін, телемедицинаны, EdTech, финтех және өнеркәсіптік заттар интернетін дамытуға негіз болмақ.

Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына салынған инвестициялар 1 трлн теңгеден асты. Тіркелген байланыс абоненттерінің саны 19%-ға, ұялы байланыс абоненттерінің саны 12%-ға, мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 75%-ға, интернет-трафик көлемі 67%-ға өсті. Ауылдарды заманауи ұялы байланыс стандарттарымен қамту айтарлықтай кеңейтілді: базалық 3G желісімен қамтылған елді мекендер саны бес еседен астам қысқарып, 550-ге дейін төмендеді.

Алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, ал оптикалық байланысы бар ауылдық елді мекендердің үлесін 43%-дан 92%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Қолжетімділігі қиын аумақтар үшін Starlink және OneWeb спутниктік сервистері қазірдің өзінде қолжетімді, келесі кезеңде Direct to Cell технологиясы енгізіледі.

Smart Region аясында 21 базалық бастама және цифрлық дамудың 90 көрсеткіші жүзеге асырылды 

2025 жылы Қазақстан жекелеген әрі бірнеше Smart City тұжырымдамаларынан Smart Region моделіне көшті. Өңірлер үшін 21 базалық бастама мен 90 негізгі көрсеткішті қамтитын цифрлық дамудың бірыңғай ұлттық стандарты енгізілді.

ЖИ, деректер және заманауи цифрлық технологиялар негізінде өңірлерді цифрлық трансформациялаудың бірыңғай тәсілдерін айқындайтын «Ақылды қалалар» мен «ақылды өңірлерді» құру әдістемесі жаңартылды. Әдістемедегі негізгі жаңашылдықтардың бірі – жобаларды бірыңғай архитектуралық және функционалдық талаптар негізінде іске асыруға көшу.

ЖИ нақты салаларда да қолданылуда. Astana Smart City аясында жол қозғалысы ережелерін бұзудың жаңа түрлерін автоматты түрде тіркеуге арналған бейнеаналитика сынақтан өткізілуде. Сонымен қатар Қазақстан қалалық әуе мобильдігі жобаларын практикалық іске асыруға кірісті және Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз таксиді пилоттық режимде іске қосуға дайындалуда.

Жеке бағыттардың бірі – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі. Жоба халықаралық деректер транзитін күшейтіп, Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын Еуропа мен Азия бағыттарымен байланыстыруға тиіс. Жобаны биыл іске қосу жоспарланып отыр. 

200 мың мұғалім ChatGPT Edu жүйесіне қол жеткізді, қыркүйек айында ЖИ университеті ашылды 

Кадр даярлау мемлекеттік секторды да, білім беру жүйесін де қамтиды. AI Governance 500 және AI Leaders бағдарламалары бойынша шамамен 900 басшы, мемлекеттік қызметші және кәсіпкер оқудан өтті және оқып жатыр. Тағы 15 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу бойынша күндізгі оқудан өтті, тағы 57 мыңы – AI Qyzmet бағдарламасы бойынша, ал әкімдіктердің 24 мыңнан астам қызметкері онлайн оқытудан өтті.

Аlem.ai орталығында TUMO Astana, Tomorrow School және ai’preneurs жобаларын қоса алғанда, білім беру, зерттеу және стартап бағыттары біріктірілген. Қыркүйек айында халықаралық серіктестердің қатысуымен ЖИ университеті ашылды. Сонымен қатар университеттер AI-Enabled University моделіне көшіп жатыр, ал Қазақстанның 200 мың мұғаліміне оқу процесінде ЖИ пайдалануы үшін ChatGPT Edu жүйесіне қол жеткізді.

Заңнаманы, мемлекеттік платформаларды, ЖИ инфрақұрылымын, телекоммуникацияларды және кадрлық әлеуетті дамыту бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалыптастырады. Digital Qazaqstan стратегиясы, Ұлттық ЖИ платформасы және Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы Қазақстанның Орталық Еуразиядағы технологиялық орталық ретіндегі позициясын нығайтуға тиіс.

2029 жылға қарай ЖИ және автоматтандыру көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кемінде 40%-ын қамтиды 

Жаңа цифрлық архитектураның құқықтық негізін жасанды интеллект туралы заң және Цифрлық кодекс қалыптастырады. Бұл құжаттар алгоритмдердің ашықтығына, азаматтардың құқықтарын қорғауға, тәуекелдерді басқаруға және дербес деректерді өңдеуге қойылатын талаптарды бекітеді. Жасанды интеллектіні дамытуға қатысты стратегиялық тәсілдер, оның ішінде еңбек нарығы, этика және халықаралық ынтымақтастық мәселелері Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес алаңында халықаралық сарапшылардың қатысуымен қалыптастырылады.

2026 жылы мемлекет пен экономиканы кешенді цифрлық трансформациялауға бағытталған 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Ол жасанды интеллектіні енгізуді, сондай-ақ өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды цифрландыруды қамтиды.

Азаматтар үшін бұл проактивті мемлекеттік қызметтерге, білім берудегі дербестендірілген цифрлық траекторияларға, денсаулықтың бірыңғай цифрлық бейініне көшу және қауіпсіз қалалық ортаны дамыту дегенді білдіреді. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің кемінде 40%-ын жасанды интеллект пен автоматтандыруды қолдана отырып трансформациялау, ал қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын алудың орташа уақытын кемінде 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

Бизнес үшін цифрландыру цифрлық егіздер, өнеркәсіптік заттар интернеті, спутниктік мониторинг, жүктерді толассыз қадағалау және басқа да технологияларды қолдануды көздейді. IT саласы алдына IT-қызметтер экспортын кемінде екі есе арттыру, 20 мыңға жуық жоғары технологиялық жұмыс орнын ашу және кемінде отандық үш юникорн компания қалыптастыру міндеті қойылды.

Сонымен қатар деректер мен жасанды интеллект шешім қабылдаудың негізіне айналатын бірыңғай цифрлық платформа ретіндегі мемлекет моделі қалыптастырылуда. Мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесінің 30%-ға дейінгі бөлігін ЖИ шешімдері арқылы автоматтандыру жоспарланып отыр. Киберқауіпсіздік трансформацияның маңызды бағыты болып қала береді: ұлттық стандарттарды енгізу, Zero Trust қағидаттарын қолдану және цифрлық қатерлерді проактивті анықтау көзделген.

Жаңа цифрлық архитектураның құқықтық негізін алгоритмдердің ашықтығына, азаматтардың құқықтарын қорғауға, тәуекелдерді басқаруға және дербес деректерді өңдеуге қойылатын талаптарды бекітетін Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қалыптастырады. Еңбек нарығы, этика және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін қоса алғанда, жасанды интеллектіні дамытудың стратегиялық тәсілдері Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес алаңында халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленеді.