19.08.2026 _ 15:15

Астанада «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

Астана қаласының Достық үйінде жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» жобасы аясында қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шара барысында 50-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табысталды. Сондай-ақ аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Аталмыш бастама еліміздің өңірлерінде де жалғасып жатыр. Жамбыл облысында 36 балаға қолдау көрсетілсе, Тараз қаласында 75 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды. Көкшетауда акцияға бірнеше этномәдени бірлестіктің өкілдері қосылды. Ал Абай облысында мектептерге қажетті оқу және кеңсе құралдары берілді.

«Мектепке жол» республикалық акциясы жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Игі бастама мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерді ортақ қайырымдылық шараларына жұмылдырады. Жобаның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету.