13.06.2026 _ 21:28

Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысы креаторларының жәрмеңкесі ашылды

Астанадағы Креативті индустрияларды дамыту қорының алаңында Ақмола облысы креаторларының жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтары өңір шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдармен, авторлық топтамалармен және жергілікті брендтердің өнімдерімен таныса алады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Іс-шарада креативті экономиканың заманауи бағыттарына ерекше назар аударылған. Арнайы іс-шаралар аймағында IT, digital және медиа жобалар, сондай-ақ робототехника, ойын әзірлеу, жасанды интеллект, туризм және киберспорт салаларындағы стартаптар таныстырылды.

Екі күндік бағдарлама барысында келушілер дәстүрлі қолөнер мен сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады. Атап айтқанда, көрпе, жастық және құрақ бұйымдарын жасау, ұлттық музыкалық аспаптар мен аяқкиім әзірлеу, ағаштан, металдан және сүйектен бұйым жасау тәсілдері үйретіледі. Сонымен қатар жүнді құрғақ әдіспен басу және бейнелеу өнері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіледі.

Жоба аясында жәрмеңкеге қойылған өнімдерді сатып алуға да мүмкіндік бар. Жәрмеңкенің алғашқы күнінде креаторлар жалпы сомасы 5 миллион теңгенің өнімін сатты.

Бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында жұмыс істейтін мыңнан астам субъект тіркелген. Өңірде зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, сән индустриясы, қолөнер, сондай-ақ IT және digital жобалар қарқынды дамып келеді.

Ақмола облысы Creative Aimaq жобасын алғаш болып бастаған өңір атанды. Аталған жобаны Креативті индустрияларды дамыту қоры Мемлекет басшысының креативті индустрияны қолдау шараларының кешенін әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырып отыр.

Бастаманың негізгі мақсаты – өңірлердегі креативті индустрияларды дамыту, шығармашылық кәсіп иелерін қолдау және Қазақстан өңірлерінің креативті әлеуетін таныстыратын бірыңғай алаң қалыптастыру.