09.06.2026 _ 14:40

Елордада эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты өтеді

Астана қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты өткізіледі. Құрлықтық біріншілік Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылмақ, бұл елдегі эстетикалық топтық гимнастиканың жоғары даму деңгейін растайды. Елде 8 жыл ішінде 211 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 409 Қазақстан Республикасының спорт шебері даярланған. Бұл жайында Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Әйгерім Әбділдина ОКҚ брифингінде хабарлады.

«Эстетикалық топтық гимнастика – табиғи, үйлесімді және денсаулыққа қауіпсіз қозғалыстарға негізделген олимпиадалық емес спорт түрі. Эстетикалық топтық гимнастикамен 4 жастан бастап айналысуға болады. Команда құрамында 6-дан 14-ке дейін спортшы өнер көрсетеді. Бұл спорт хореографияны, әртістік шеберлікті, синхрондылықты, икемділікті, күш пен командалық жұмысты біріктіреді», – деді спикер.

Айта кетерлігі, 2023 жылы Алматы қаласында осы спорт түрі бойынша әлем чемпионаты өткізілген.