05.06.2026 _ 11:50

Жаңа цифрлық шешімдер әскери қызметшілердің жұмысын жеңілдетті

Қорғаныс технологияларының ұлттық экожүйесін дамыту мақсатында Қорғаныс министрлігі Defence Tech бағытын белсенді түрде дамытып келеді. Бүгінде Defence Tech отандық инновацияларды дамытуға арналған стратегиялық алаң ретінде қарастырылуда.Бұл жайында ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Оның негізгі бағыттары: ұшқышсыз технологиялар, роботтандырылған жүйелер, ЖИ және киберқауіпсіздік технологиялары. Осы бағыт аясында мемлекет, IT-компаниялар, инженерлік қоғамдастық, ғылыми ұйымдар, техникалық жоғары оқу орындары, стартаптар және жас әзірлеушілер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Defence Tech офисі жұмыс істейді.

Сондай-ақ ол SHAIQAS 2026 чемпионаты өткізіліп жатқанын хабарлады. Жарысқа 1-15 маусым аралығында тіркелуге болады.

«Қатысушылар дрондарды жинап ұшырады, барлау жасайды, координаттарды жібереді. Сондай-ақ роботтарды құрастырып, киберқауіпсіздік бағыты бойынша бақ сынасады. Соңғы кезеңде инженерлер тактикалық жарыс аясында атуды, спорт пен медицинаға қатысты операциялар жүргізеді. Жүлде қоры – 10 млн теңге. Тамыз айында финал өтеді», – деді спикер.

Қорғаныс министрлігі жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлуде. Цифрландыру аясында азаматтардың әскермен өзара іс-қимылының бірыңғай цифрлық платформасы – myarmy.kz порталы іске қосылды. 

Сондай-ақ азаматтармен өзара іс-қимылды жетілдіруге және басқару тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында «ARMIA.KZ» ақпараттық сервисі, «AI-Сұлу» әскерибот-психологы, ішкі нормативтік құжаттар бойынша навигация жасайтын чат-бот, GPT-ге ұқсас интеллектуалды көмекші бар.

Қызмет өткеру, келісімшарттар, жеңілдіктер, демалыстар және іссапарлар туралы деректерге онлайн режимде қол жеткізуді қамтамасыз ететін әскери қызметшінің бірыңғай цифрлық жеке кабинеті – «Әскери e-Gov» сервисі іске асырылуда. Бұл сервис кадрлық процестердің ашықтығын арттырып, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етеді және қажетті мәліметтерді алу үшін бөлімшелерге жеке жүгіну қажеттілігін азайтады.