29.05.2026 _ 12:00

Жыл басынан бері құтқарушылар шамамен 8 мың балаға жүзудің бастапқы дағдыларын үйретті

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ТЖМ-нің негізгі бағыттарының бірі болып табылады және бұл жұмыс жүйелі әрі тұрақты негізде жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуге арналған кешенді шаралар қолға алынды. Сонымен қатар ТЖМ білімді әрі жан-жақты дамыған ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде үгіт-насихат және профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Халықпен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, нұсқамалар, рейдтер және жиындар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Роллан Есмағанбетов ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлері 4 мыңға жуық интерактивті, 3,5 мыңнан астам ашық және тәжірибелік сабақтар, сондай-ақ сынып сағаттарын өткізді.

«Өрт сөндіру-құтқару бөлімшелеріне шамамен 2 мың экскурсия ұйымдастырылды. Жазғы кезеңде балаларды сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде демалушы балаларға көшпелі сабақтар өткізіледі. Халықаралық балаларды қорғау күні аясында еліміздің барлық өңірінде демалыс саябақтарында, орталық алаңдарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және балалар мекемелерінде іс-шаралар өткізіледі. Балалар үшін алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары, мінез-құлыққа үйрететін ойындар, сурет байқаулары, спорттық-ойын-сауық эстафеталары ұйымдастырылады. Сонымен қатар құтқару техникасының көрмелері мен ТЖМ бөлімшелерінде ашық есік күндері өткізілуде», – деді ТЖМ өкілі.

Министрлік тарапынан шомылу маусымы кезеңінде балалардың судағы қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Бүгінде елімізде 50 құтқару станциясы мен 169 мобильді құтқару бекеті жұмыс істейді. Шомылу маусымы кезеңінде ресми жағажайларда балаларға арналған қауіпсіз шомылу аймақтарын жабдықтау жоспарлануда. Бұл орындарда құтқарушылар балаларды жүзуге үйрету жұмыстарын жүргізеді. ТЖД, полиция бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында, әсіресе, тыйым салынған және жабдықталмаған жағажайларда рейдтер ұйымдастыруда.

ДДС жаһандық баяндамасына сәйкес, суға кету 5 пен 14 жас аралығындағы балалар өлімінің әлем бойынша ең көп таралған себептерінің ішінде үшінші орында тұр. Оның негізгі себептерінің – бірі жүзу дағдыларының болмауы.

Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл аясында құтқарушылар жыл басынан бері еліміз бойынша шамамен 8 мың балаға жүзудің бастапқы дағдыларын үйретті, сондай-ақ 91 мыңнан астам оқушыны қамтыған 2 мыңға жуық интерактивті сабақ өткізді. 47 мыңнан астам баланы қамтыған 2,5 мыңнан астам ашық сабақ ұйымдастырылды. 18 мың оқушыны қамтыған құтқару дағдылары мен суға батқан адамға алғашқы көмек көрсету бойынша 800 тәжірибелік сабақ өткізілді.

Сондай-ақ білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бойынша іс-шараларды іске асыру аясында еліміздің оқу орындарында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет, өйткені ересектер тарапынан бақылаудың болмауы көп жағдайда қайғылы жағдайларға себеп болады.

Роллан Есмағанбетов ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмай, қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін ескертті.