Оның айтуынша, биылдан бастап фермерлермен су беру шарттарын жасасу рәсімі электрондық форматқа көшіріліп жатыр. Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе өтінім беруден және шарт жасасудан бастап нақты су тұтынуды дәл есепке алу мен кейінгі төлемге дейінгі су қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды.
«Бүгінде 25 мыңнан астам электрондық шарт жасалды. Су ресурстарын басқарудың ашықтығын арттыру және жедел бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторингпен толықтырылуда, онымен елдің бес оңтүстік облысы толық қамтылған. Ағымдағы жылдың басынан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін шаю мен суаруға 1,9 млрд текше метр су алынды», – деді С. Нұрымбетов.
Осы вегетациялық кезеңнің өзінде ғарыштық мониторинг нәтижесінде Түркістан облысында шартсыз су алу бойынша 39 факт анықталды. Нәтижесінде аталған бұзушылықтар бойынша аграршылардың 197 га жерді суару үшін шамамен 790 мың текше метр суды заңсыз пайдаланғаны анықталды. Келтірілген шығындарды өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2025 жылы бассейндік су инспекциялары тарапынан жалпы сомасы 75,2 млн теңгеге 365 әкімшілік айыппұл салынған. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде (қаңтар-сәуір) жалпы сомасы 41,7 млн теңгеге 149 әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 5 мамырдан бастап оңтүстік өңірлерде мобильді топ мониторингтік жұмыстар жүргізуде. Іс-шаралардың мақсаты – «Биллинг» электрондық жүйесі арқылы жер учаскелерінің ауданына негізделген су пайдалануды есепке алу шарттарының сәйкестігін зерделеу. Аталған жұмыс Бас прокуратурамен бірлесіп бекітілген «Судың қара нарығын жою жөніндегі» Жол картасы аясында іске асырылуда.
Елдің қалған бассейндерінде 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті 696,4 млн текше метр көлемінде бекітілді. Суармалы жерлердің жоспарланған аумағы 322,2 мың га құрайды. Бұл аймақтарда су тапшылығы болжанбайды.