05.05.2026 _ 14:25

Денсаулық сақтау министрлігі негізгі медициналық орталықтарды жаңғыртуды күшейтуде

Жоғары технологиялық медицинаны дамыту және балалар денсаулығы саласының инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасады. Негізгі назар заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізуге, медициналық жабдықтарды жаңартуға және бизнес құрылымдармен әріптестікті кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова еліміздегі жетекші медициналық ұйымдардың бірі – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында болды. Бұл орталықта жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінен келген 7 мыңнан астам бала медициналық көмек алады.

Орталықта жоғары технологиялық медициналық көмектің 16 түрі көрсетіледі. Мұнда заманауи хирургиялық және диагностикалық технологиялар, соның ішінде аз инвазивті операциялар, лазерлік емдеу әдістері, жоғары дәлдіктегі КТ және МРТ-зерттеулер  кеңінен енгізілген.

Жыл сайын орталықта 45 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізіліп, 2 300-ден астам операция жасалады. Олардың қатарында жаңа туған нәрестелердің жүрегіне жасалатын аса күрделі хирургиялық араласулар да бар.

Жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау клиникалық тәжірибеге белсенді енгізілуде. 2025 жылы орталықта осындай 58 операция жасалып, оның ішінде туыстық қатысы жоқ донорлардан трансплантаттау да жүзеге асырылған.

Жаңғырту жұмыстарының маңызды бөлігі – материалдық-техникалық базаны жаңарту. Министр сәулелік диагностика, ангиография, зертханалық қызмет және кардиохирургия бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Бұл бөлімшелерде пациенттердің жағдайын емдеу мен бақылаудың озық технологиялары қолданылады.

Сондай-ақ бизнеспен әріптестікті дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сапар барысында «KAZ Minerals Management» компаниясының басқарма төрағасы Айжан Балабатырованың қатысуымен балалар денсаулығы жүйесіне инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Мұндай өзара іс-қимыл инновацияларды жедел енгізуге, жабдықтарды жаңартуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.