21.04.2026 _ 12:00

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тек жүзеге асыруға келетін жобаларға ғана беріледі

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының конкурстық комиссиясы мемлекеттік орган өкілдері, салалық сарапшылар, ғылыми және кәсіби қауымдастық мүшелерінен құрылған. Әрбір өтінім формальды түрде емес, нақты тәжірибе, кәсіби сараптама және салалық процестерді түсінуге негізделіп қаралады. 2025 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі комиссия мүшесі, Назарбаев Университетінің Мансап және кәсіби бағдар орталығының директоры Ғайни Есембекова ОКҚ алаңында осылай деді.

«Біздің негізгі міндетіміз жүзеге асуға әлеуеті бар және нақты нәтиже бере алатын жобаларды әділ, ашық әрі кәсіби түрде іріктеу. Осы жерде маңызды нәрсе - біз тек идеяларды ғана емес, ойлау деңгейін бағалаймыз. Біз үшін жай ғана бастама емес, жүйелі ойлау, құрылымдарға көзқарас және жобаны іске асыруға дайындық маңызды. Дәл осындай жобалар ғана қолдауға ие болады. Өтінімдер нақты критерийлер негізінде алқалы түрде бағаланады. Біз ең алдымен мәселені қаншалықты терең түсінгені, оның өзектілігін дәлелдеуін, ұсынылған шешімнің логикасын және оны жүзеге асру шынайылығына назар аударамыз»,-деді спикер. 

Оның айтуынша, өтінімдердің негізгі әлсіз тұсы – бұл идея мен оны іске асырудың алшақтығы. Яғни пайдалы нәрсе жасағысы келетін ниет бар, бірақ оны қалай жүзеге асыру және қандай нәтижелерге жеткізу қажеттілігі нақты көрсетілмеген. 

Ғ.Есембекова өтінім берушілерге жоба жетекшісі ретінде ойлап, оның қаншалықты өнімді болатынын ескеру қажеттілігін қадап айтты.