21.04.2026 _ 10:12

Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 230 мыңнан астам балаға кешенді қолдау көрсетіледі

Мемлекет басшысының елдегі білімге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде инклюзивті ортаны дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуы туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы.

2025-2026 оқу жылының басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Бүгінгі таңда олардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылған, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Арнайы білім беру ұйымдарының саны 539-ды ұүрайды, олардың ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, түзету кабинеттері мен оңалту орталықтары және тағы басқалар бар. Педагог-ассистенттер лауазымдарын енгізудің нәтижесінде үйде оқитын бала саны 11%-ға төмендеді, яғни 2 мыңға жуық бала мектепке келуге мүмкіндік алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді, оның аясында үйде оқитын балалардың үлесін азайту көзделген.

«Министрлік Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуын қамтамасыз етеді. Инклюзивті білім беру жағдайында оқитын балаларға қолдау көрсету мақсатында 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымдарында инклюзивті білімді қолдау кабинеттері ашылды. Ал биыл жоспар бойынша қосымша 40 қолдау кабинеті ашу көзделген. Біз арнайы педагогика бағыттарының тізімін 8 профильге дейін кеңейттік. Балаларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Сондай-ақ, педагогтер, арнайы мамандар мен ата-аналардың қарым-қатынасын ұйымдастыру бойынша 160 әдістемелік ұсыным дайындалды», – деп атап өтті министр.