19.03.2026 _ 12:20

МКК көлеңкелі экономикамен күресу үшін тиісті цифрлық құралдар енгізуде

Салықтық бақылауды күшейту мақсатында «Пирамида» атты аналитикалық есеп енгізілді. Ол ҚҚС бойынша жеткізу тізбектерін 15 деңгейге дейін талдауға мүмкіндік береді. Бұл құрал ЭШФ деректері, салықтық есептілік және басқа да ақпараттық жүйелер негізінде қалыптастырылады және сенімсіз жеткізушілер мен салықтан жалтару схемаларын анықтау үшін қолданылады. Сонымен қатар, ЭШФ жүйесіне биометриялық сәйкестендіру енгізілді, бұл жалған тіркеу мен электрондық шот-фактураларды рәсімдеу әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов мәлімдеді.

Спикер ЭШФ беруді шектеу мәселесіне қатысты жалған мәмілелердің алдын алу үшін автоматты бақылау қолданылатынын түсіндірді. Тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы қауіптер анықталған жағдайда салық төлеушіге бұзушылықтарды жою немесе растайтын құжаттарды ұсыну туралы камералдық бақылау хабарламасы жіберіледі. Талаптар орындалмаған жағдайда ЭШФ беру және банктік операцияларды жүргізу шектелуі мүмкін, бұл жалған салықтық схемаларды жедел тоқтатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ спикер 2026 жылдан бастап ҚҚС теңгеріміне негізделген e-Тамға сервисі арқылы ЭШФ-ты автоматтандырылған бақылау жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Жүйе нақты уақыт режимінде салық теңгерімін есептеп, расталған шығынсыз, сатып алуларсыз немесе импортсыз шот-фактураларды беруге жол бермейді. Бұл ретте механизм кезең-кезеңімен, бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескере отырып енгізілуде, ал сервиске қосылу ерікті негізде жүзеге асырылады», – деді Сейілжан Ахметов.

Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы қысқарту және тауар айналымының ашықтығын арттыруға бағытталған тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. МКК акцизделетін өнімдерді таңбалау бойынша салалық орган болып табылады. Темекі өнімдерін міндетті таңбалау 2020 жылдан бері қолданыста, ал алкоголь және сыра өнімдерін таңбалау 2026 жылдың ақпан айынан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде. Таңбалау жүйесі тауарлардың өндірістен немесе импорттан бастап соңғы сатылымға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, бұл нарықтың ашықтығын айтарлықтай арттырады.