15.03.2026 _ 17:29

Республикалық референдум оқыс оқиғасыз тұрақты түрде өтіп жатыр – ҚР Бас прокуратурасы

Республикалық референдум оқыс оқиғасыз тұрақты түрде өтуде. Тек Қарағанды облысында бір азамат онлайн платформада қоғамдық пікірге заңсыз сауал салып, үгіт жүргізді. Ол заңсыз жазбаларын өшіріп, кінәсін мойындады. Сондықтан оған қысқартылған тәртіппен айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР Бас gрокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының басшысы Бекжан Қараманов «Референдум – 2026» онлайн марафоны аясында ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады.

«Прокуратура органдарымен мағыналас жағдайлар, оның ішінде бюллетеньдердің фотосуреттерін онлайн платформаларға салу барысы тіркеліп жатқанына назар аударамын. Осы әрекеттерде олқылықтар расталған жағдайда заңда белгіленген шаралар қабылданады. Қазір прокуратура органдары және соттарға референдумға қатысты өтініштер түскен жоқ. Бас прокуратура және барлық өңірдің прокуратуралары референдум өткізудің заңдылығын қамтамасыз етуді жалғастыруда», – деді спикер.  

ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев тәртіп сақшыларының қызметі жайында айтты.

«Еліміздегі қоғамдық жағдай тұрақты, ІІМ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыруда. Қалалар мен көшелердегі қоғамдық орындардағы жағдай тұрақты бақылануда. Бұл жұмыс ішкі істер органдарының жедел бейнебақылау камералары арқылы да жүріп жатыр. Азаматтардан немесе сайлау комиссияларынан түскен кез келген өтініш бойынша полиция қызметкерлері жедел әрекет етуде. Қазіргі уақытқа дейін қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ. Полиция дауыс беру толық аяқталғанға дейін қызметін жалғастырады. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету», – деді ІІМ ресми өкілі.