03.02.2026 _ 15:20

Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру көлемі 15,5 мың гектарға жетті

Қазақстанда мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесін толықтыру жұмыстары жалғасуда. Өңірлерде инженерлік желілерді цифрландыру жүргізіліп, сондай-ақ бас жоспарларды цифрлауға қатысты әкімдіктерге әдістемелік қолдау көрсетілуде. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

«Инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру көлемі елді мекендердің 15,5 мың га құрылысы салынған аумағын қамтыды. 50 бас жоспар мен қалалардың 272 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сараптама жүргізіліп, мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілді. Сонымен қатар бірқатар қала құрылысы жобалары әлі де пысықтауды қажет етеді», – деді спикер.

Сондай-ақ ол Комитеттің 2025 жылғы жұмыс қорытындылары туралы есеп берді. Жергілікті атқарушы органдарға қатысты 72 тексеру іс-шарасы жүргізіліп, 59 лауазымды тұлға 11,9 млн теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары 3088 тексеру жүргізіп, 4851 субъектіні жалпы сомасы шамамен 2 млрд теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартты. 21 ұйым лицензиясынан айырылды.