24.12.2025 _ 12:40

Экоколдауға қосылған кәсіпорындарға 900 млн теңге төленді

«Жасыл даму» АҚ бүгінде экологиялық салада бірқатар негізгі функцияны орындайды. Қоғам шығарындылар саудасы жүйесінің және сот шешімі бойынша республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі оператор болып табылады. 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша компанияға өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері бойынша оператор функциялары берілді. «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов ОКҚ алаңында қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыратын бизнес субъектілеріне көрсетілетін қолдау шаралары мен ұйым жұмысы туралы айтты.

«Кәдеге жарату төлемдері туралы барлық ақпарат қаржылық есептілік депозитарийінде және Қоғамның корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылған. Сондай-ақ біз Үкімет пен Парламентке тұрақты түрде есеп береміз. Кәдеге жарату қаражаты Экология кодекстің 388-бабына сәйкес қатаң жұмсалады, онда қаражатты жұмсау бағыттары нақты көрсетілген. 2025 жылдың 11 айында кәдеге жарату төлемдерінің түсімдері 324 млрд теңгені құрады, оның ішінде көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокомпоненттерін өндірушілерден шамамен 133,3 млрд теңге, импорттаушылардан жалпы түсімдер 172,8 млрд теңгені құрады. Техника мен автокомпоненттерді өндірушілерге 140,9 млрд теңгеден астам қайтарылды»,-деді спикер.


Үкіметтің 604 қаулысы шеңберінде қайтарымды негізде қаржыландырылатын жобаларға шамамен 125 млрд теңге бағытталды, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтар жобаларына, өрттерді ерте анықтау жүйелерін сатып алуға, экологиялық катаклизмдердің алдын алу және жою үшін арнайы техника сатып алуға.


Экоколдауға қосылған кәсіпорындарға төлемдер 900 млн теңгені құрады. Мемлекеттік ұлттық саябақтарда, Астана және Жезқазған мектептерінде бөлек жинауды насихаттау шеңберінде жасалған шарттарды орындау үшін 115 млн теңге төленді. Мемлекеттік бюджетке 60,4 млрд теңге мөлшерінде салықтар мен дивидендтер аударылды. Жеке оператор 6 жыл ішінде бюджетке 54,2 млрд теңгеден аспайтын салық түрінде төлесе, мемлекеттік оператор мұндай ақша көлемін жыл сайын төлеп келеді.